Бүгін қаратөбеліктер Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесіне байланысты шеру тартып, орталық саябақта орналасқан «Мәңгілік алау» мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алған аудан тұрғындары мен қонақтары олардың жанқиярлық ерліктеріне тағзым етті. Мерекелік шеруге аудан әкімі Асхат Шахаров, Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманғали Ысқақов, мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары мен жастар қатысты.
Тағзым ету шарасында сөз сөйлеген аудан басшысы Асхат Берлешұлы:
- Құрметті аудан тұғындары, шарамызға қатысушы қонақтар! 
Сіздерді бүгінгі Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесімен құттықтаймын. 
Біздердің бейбіт заманда өмір кешуіміз майданға аттанып, жау соққысына тойтарыс берген ата-әжелеріміздің арқасы деп білеміз. 
Жеңіс сыйлаған майдангер батырларымыздың ерлігіне бас иіп, тағзым ету біздердің қасиетті парызымыз болып саналмақ. 
Көп ұлтты Қазақстан халқы бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Еліміз жыл сайын гүлденіп, қарқынды даму жолында, - деді.
Мерекелік шараға жиналған аудан жұртшылығына аудандық мәдени-демалыс орталығының және білім беру саласы қызметкерлерінің дайындаған «45-жылдың көктемі» атты театрландырылған көрінісі ұсынылды. 
Көрініске қатысушылар жауынгерлерді майданға шығарып салу, ұрыс даласындағы шайқас, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі, майдангер батырлардың, жаралы жауынгерлердің елге жеңіспен оралу сәттерін сахналап берді.
Серікбай ХАСАНОВ,
Қаратөбе ауданы