5 мамыр күні Қаратөбе ауданының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 25 жылдығы аясында 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Жас қыран - 2017» әскери-патриоттық спорттық ойындары өтті.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аудан басшысы Асхат Берлешұлы аудан тұрғындары мен жарысқа қатысушы өрендерді айтулы мерекемен құттықтады. 
Содан соң сөз сөйлеген Ауған соғысының ардагері Батырбек Жұмағалиев:
– Отанын сүйетін ержүрек, қайсар мінезді, адал, айбынды мемлекетіміздің айбарлы ұландары болуға ниетін жеткізіп, жасқырандықтарға сәттілік тіледі.
Әскери-спорттық сайысқа қатысушылар әскери киімдермен сап түзеп, «Саптық байқау», «Зиянды заттардан қорғану», «Алғашқы дәрігерлік көмек», «Спорттық сайыс» шарттары бойынша шеберліктерін танытып, сынға түсті. 
Тыңғылықты дайындықтарының нәтижесінде барлық сайыс түрлері бойынша үздік нәтиже көрсеткен Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары І орынды иемденді. ІІ орын Шөптікөл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасының өрендеріне бұйырса, ІІІ орынға Қаратөбе мектеп-гимназиясының ұландары табан тіреді. 
«Жеңіске деген жігер үшін...» аталымын Қалдығайты жалпы орта білім беретін мектебінің командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы