Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ұйымдастыруымен мекеме ауласында «Жауынгер ботқасы» әзірленді.
ҰОС-ның ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне, Ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне жайылған дастарқанға арнайы қатысқан аудан әкімі Асхат Шахаров:
- Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие. Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі,- деп, Ұлы Жеңістің қадірін терең түсінуге шақырды. 
Ұлт пен ұрпақ амандығы үшін басын қатерге тігіп, азаттық жолында құрбан болған бабаларымызды қалай дәріптесек те жарасады. Жауынгерлік лашықта әзірленген дастарқан басында майдангерлеріміздің жанкешті еңбектері, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өшпес батырлығы жөнінде шежірелі сыр шертіліп, термеші Нұршат Исламғалиев «Біздің елдің жігіттері» атты термесін орындады.

Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы