М.Мерәлиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған «Ұлы ерлікке тағзым» атты соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Аға ұрпақтың сұрапыл сындағы төзімділігі мен табандылығы, қайраты мен қаhармандығы болмаса, бүгінгі жарқын болашаққа батыл қадам жасаған тәуелсіз Қазақстан да болмас еді.
Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, 1941-1945 жылдары Қаратөбе әскери комиссариатынан 3752 адам әскерге шақырылыпты. Олардың елге соғыс жылдары 1027-і оралған, 956 жауынгер хабар ошарсыз кеткен, 837 отбасына қаза болғандығы жөнінде қаралы қағаз келген, 3 жауынгер тұтқында қаза тапқан. 
Аталмыш шара алдымен «Қаратөбенің қайсар ұлдары» көрмесімен басталып, Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлес ата-әжелеріміздің жазған хаттары, төсбелгілері мен ұстаған бұйымдары, өшпес ерліктері жөніндегі еңбектер таныстырылды.
Кездесу барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Бәкесұлы шараға арнайы келген Ұлы Отан соғысына қатысушы Құрманғали Ысқақовқа, сондай-ақ тыл ардагерлеріне ел үшін жасаған ерліктеріне алғысын жеткізіп, өскелең ұрпаққа: «Бұл қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің де мейрамы» -деп атап өтті.
«Ерліктерін ел ұмытпайды» көрмесінде майдангер, данықты палуан Еңсеп Досқалиевтің, Кенжеғали Жәңгіровтің басқа да майдангерлердің қолданған бұйымдары, жазған хаттары, еңбек кітаптары топтастырылған.
Кездесу соныңда мәдениет үйі қызметкерлері мерекелік ән-жырын арнаса, Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушылары ардагерлер үшін Жеңіс күніне арналған әндерін орындап берді.
Соғыс жылдарынан кейін қажырлы еңбек етіп, өз өмірлерін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ардагерлерге сыйлықтар табыс етілді.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы