7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай 1999-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында шағын футболдан аудандық турнир өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетті. 
Бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде. Оздырылған сайыс та соның бір дәлеліндей көрінді.
Жарысқа аудандық және ауылдық мектептерден 9 команда қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аманша Зинелов сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тілесе, жарыстың бас төрешісі, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Мейрам Құмарғалиев ойын ережесімен таныстырып өтті.
Теңбіл доптың құдiреті – жасты да, кәріні де арбаған ойын, аталмыш сайыста бағы мен бабы жанған футболшылар тұғыр төрінен көрінді.
Сайыс нәтижесі бойынша «Үздік шабуылшы» аталымын Ермахан Киікбаев алса, «Үздік қақпашы» аталымына Дастан Демегенұлы, «Үздік қорғаушы» аталымына Гилман Ғалымжанов лайық деп танылды. Командалық есепте І орынды аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, ІІ орынды Қоскөл ЖОББМ, ІІІ орынды Қалдығайты ЖОББМ-нің командасы иеленді. 
Жеңімпаз командаларға арнайы медальдар мен кубок табыс етілді.

Маралбек АМАНТАЕВ, Қаратөбе ауданы