Қаратөбе ауданының орталық алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған мерекелік концерт оздырылды.
Халықтар достығының бесігіне айналған мерекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров:
- Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күткен мейрамы. 
Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді, - деп аудан халқын татулық мерекесімен құттықтады. 
Шарада сөз сөйлеген қырғыз ұлтының өкілі Чинара Ташматова аудан тұрғындарын атаулы мейрамдарымен құттықтап, Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеліп, ел тәуелсіздігі баянды болуына тілектес екендігін білдірді.
Орталық алаңға жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлаған аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары түрлі ұлттардың әндерін шырқап, билерін биледі. 
Мерекелік концертте Сүгірдің термесін Нұршат Исламғалиев, «Ассалаумағаликүм!» әнін Рүстем Ақташев, армян әні «Джан-джанды» Альфия Исламова, татар халқының «Сәләу-мәләу» әнін Аяжан Смағұлова орындады.

Райымбек АБАЕВ, Қаратөбе ауданы