Бүгін Қаратөбе ауданында еркін күрестен 2003-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен аудан біріншілігіне көршілес Атырау облысынан, облысымыздың Ақжайық, Казталов, Жаңақала, Сырым аудандары ,«Жекпе-жек» спорт клубы мен Орал қаласының және ауданымыздың жас палуандары қатысып, боз кілемде бақтарын сынады.
Талаптары таудай, болашағынан зор үміт күттіретін балғын палуандардың жеңіске деген жігері мықтылығы әп-дегеннен-ақ байқалып тұрды.
Біріншіліктің ережесіне сай әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша өткен боз кілемдегі балғындардың тартымды тартыстары өзіндік ерекшеліктерімен көрінді.
Әсіресе, айтулы додаданың ең төменгі салмақ дәрежесіне сай 20 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған балғын палуандардың тартымды күресі көрермендер мен спорт жанкүйерлерінің көңілінен шықты. 
Осы салмақта жаңақалалық Мирас Тасқайыров жүлделі І орынды жеңіп алса, казталовтық Ерболат Асылхан ІІ орын және екі бірдей ІІІ орындарды казталовтық Нұрсәт пен Нұрәлі Жалмұхановтар қанжығаларына байлады. 
Еркін күрестің әдіс-айлаларын шебер қолдана білген казталовтық Әлисұлтан Баянғалиев (24 келі), атыраулық Бекнұр Қойшыбаев (27), жаңақалалық Шыңғысхан Досмұхамбетов (30 келі), 33және 36 келі салмақтарда белдесіп, қарсыластарын тізе бүктірген қаратөбеліктер Әдият Сағынғалиев пен Дәулет Болатов, сырымдық Қазбек Бақытов (39), ақжайықтық Қуанғали Нұржігіт (42), қаратөбелік Нұрәділ Қабекенов (46 келі), ақжайықтық Садық Сұлтан (50 келіден жоғары) аудан біріншілігінің жеңімпаздары атанды. 
Біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
- Бүгінгі 100-ге тарта балғын палуандар күш сынасқан айтулы додаға қатысушы спортшылардың барлығы да жарысқа жоғары деңгейде әзірленген. 
Олардың ішінде Орал қаласының, Казталов, Қаратөбе аудандарының палуандары керемет өнер көрсетті, - дейді біріншіліктің бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Артур Қазбенов.
- Қаратөбедегі аудан біріншілігі өз деңгейінде өтті. Мен еркін күреске балғындарды баулуды өткен жылдан бастадым. 
Бүгінде 2002-2009 жылы туылған 40 жуық палуан жаттығуда. Аз ғана уақыттың ішінде палуандарымыз еркін күрестен республикалық және аймақтық сайыстарда жеңімпаз атанып та үлгерді. Шәкірттерімнің өнер ордасы киелі Қаратөбе өңіріндегі айтулы додада жақсы нәтижеге қол жеткізгендігіне ризамын. Жарыс болғасын жерде бірде жеңіске жетсек,бірде жеңіліс болатындығы тағы бар. Бастысы - табандылық пен үлкен еңбек қажет, - деп ойын сабақтады казталовтық жаттықтырушы Мейрам Жасталапұлы.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы