22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні Үшағаш елді мекенінде ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен «Наурыз – көктем, Наурыз – думан – жыл басы!» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, Наурыз мерекесі ұлықталды.
Шара барысында сөз алған Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев аймақ тұрғындарын қазақтың жаңа жылы Наурыз мерекесімен құттықтады. 
Ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтай келген «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов ауылдың дамуына үлес қосып жүрген Темірбек Өмірбекұлы мен Мәруаш Ізімғалиқызына алғыс хат табыстады.
Ұлық мерекенің дәм үйірер наурыз көжесі тегін таратылып, 
білекті жігіттер арқан тартысып, гір тасын көтеріп, күш сынасты.
Қазақ күресінен Бекжан Қайырбайға тең келер ешкім болмады. Ал, арқан тартыстан ерлер арасында 1990-91 жылғылар, әйелдер арасында 1979-80 жылғыларға қарсылас шақ келмеді. Үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі аударыспақтан шабандоздар бір-бірін аттан аударып алуға тырысты. Ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген Өміржан Костовский жеңімпаз деп танылды.
Мерекеде өнерлі қауым ән-жырдан шашу шашып, ұлттық спорттық ойын-сайыстарына белсене қатысқан жеңімпаздарға алғыс хат, медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл тұрғындары айтулы шараға қолдау білдірген аудандық мәслихат депутаты Әмірбек Әлібекұлына, «Қаратөбе» спорт клубына, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұжымына алғыстарын жеткізді.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы