Қаратөбе ауданының орталығында өткен «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» деп аталған мерекелік шара жақсылықтың жаршысы ат үстіндегі жыршы баланың «Наурыз келді» - деп алаңға жиналған жамағаттан сүйінші сұрауынан бастау алды.
Аудан басшысы Асхат Шахаров мерекелік шараға қатысушы ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады. 
«Құрметті аудан тұрғындары, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын. 
Наурыз – жаңару мен түлеудің, достық пен ынтымақ мерекесі. Мереке аясында баршаңызға амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін.
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Мереке құтты болсын!» - деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы. 
Орталық алаңда бой көтерген безендірілген сахнада «Бабалар үні» атты театрландырылған көрініс тамашаланды.
Айтулы мерекелік көріністе аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін елін, туған жерін жаудан қорғаған Аққозы, Жұмыр батырлардың, сонымен қатар өңірден шыққан дарынды өнер саңлақтары, атақты әнші-сазгерлер Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің, әлемге әйгілі күйші, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ұстазы Ұзақ Мырзабайұлының рөлдерін сомдап, тамаша өнер көрсетті. 
Сазды ән ырғағымен сахнаға көтеріліп, өнерлерін ортаға салған әжелер ансамблі мерекелік шараға қатысушы жамағатқа наурыз-көже ұсынса, сәнді киім киген сұлу қыздар мерекеге орай ақ бауырсақтар таратты. Мерекелік шашу шашылды.
Сахнада балалар хорының орындаудағы «Туған ел» әні және «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблінің орындауындағы репертуарлар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 
Орталық алаңдағы мерекелік думан ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға ұласты.
Сахнадағы мерекелік концерттік бағдарлама алаңдағы барша жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлады.
Ұстаздар үйі алдында бой көтерген киіз үй ішінде аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімі мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға наурыз қоржын таратса, аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен Қаратөбе ауылдық округі тегін ыстық тамақпен қамтыды. Қаратөбе, Шөптікөл ауылдары кәсіпкерлерінің саудасы ұйымдастырылды.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы