Наурыз – жыл басы, күн мен түннің теңелер шағы. Осынау мейрам береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелер ұлы мереке. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын халқымыз ерекше тойлайды. Жаңару мен жаңғырудың бастауы болып саналатын ұлық мерекені Қаратөбе колледжінің ұжымы ерекше сипатпен қарсылады. 
Осылайша, ұлағат ұясы Ұлыстың ұлы күніне орай «Құт-береке бастауы – Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырды.
Мерекелік шараға қонаққа келген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық мәслихат хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев, Қаратөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекболат Хамидоллаұлы барша ағайынды ұлық мерекемен құттықтады.
Ал, Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Аманшаұлы болса, құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына Наурызда береке-байлық тіледі. 
Колледж ауласында Наурыз тойының сәнін келтіреген ақшаңқан үйлер тігіліп, жергілікті жұртшылық киіз үйде жайылған дастарқаннан дәм татып, колледж өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, мәре-сәре болды.
Спорттық алаңда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының демеушілігімен қазақтың ұлттық ойындары қазақша күрес, арқан тартыс, асық ату сынды ойындар ойнатылып, жеңімпаз-жүлдегерлер бағалы сыйлықтарды еншіледі.
Шара соңында колледж ұжымының жылдағы дәстүріне сай лотерея ойыны ойнатылып, ұтысқа тігілген бағалы заттар иелерін тапты.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы