Салт-дәстүрге берік қазақ халқы қыз баланы оң босағаға отырғызып қадірлеген, үйіне келіп түскен келінді де табалдырықтан оң аяғымен аттаттырған. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» деп келінді өз отбасына ыңғайлап тәрбиелей отырып, бүгінгі қыз баласының ертең бір отбасына келін боларын білген дана халқымыз қыз баласының жеңгесімен жараса жүруін қалаған.
Осыбір жеңге мен қайынсіңілі арасындағы нәзік те берік байланыстың бүгінгі күнгі көрінісі қандай, бүгінгі қазақ қыздары мен келіндерінің халық дәстүрін қаншалықты білетіндерін аңғару мақсатында 14 наурыз күні аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Мұхит атындағы ЖОББМ базасында ІІ аудандық «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» сайысы оздырылды. 
Сайысқа қатысқан сегіз жұп «Татулықтың паш етеміз үлгісін», «Сырласайық, жеңеше!», «Өнерлі өрге жүзер» бөлімдері бойынша бақ сынады. 
Өнері мен білімі, көркі мен үйлесімі жағынан бір-бірінен қалыспаған жеңгелер мен арулар көремен көңілінен шыға білді. 
Ең бірінші кезекте жеңгенің қайынсіңіліге берер тәрбиесі мен өнері бағаланған сайыс қорытындысында оқ бойы оза шапқан, қазақы тәрбиені, отбасы құндылықтарын үздік насихаттай білген Саралжын ЖОББМ 11-сынып оқушысы Дана Жахан мен жеңгесі Әсем Дәлуова жүлделі І орынды иеленіп, аудан намысын облыстық кезеңде қорғауға жолдама алды. 
Соналы ЖОББМ 10-сынып оқушысы Нұрайна Бисенғожина мен жеңгесі Әйгерім Аққайырова ІІ орынды, Жамбыл ЖОББМБ 8-сынып оқушысы Фариза Орынбасарова мен жеңгесі Гүлім Мұқатова ІІІ орынды иеленсе, Мұхит ат. ЖОББМ 10-сынып оқушысы Аяжан Дүйсенова мен жеңгесі Айдана Досқалиева «Сырлы жеңге, ару қыз» аталымымен, Қалдығайты ЖОББМ 9-сынып оқушысы Асылжан Батырханқызы мен жеңгесі Анаргүл Сағидоллақызы «Парасатты келін, шебер ару» аталымымен марапатталды.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы