Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы паш етілер мейрам қарсаңында Қаратөбе ауданының орталық алаңындағы киіз үйге меймандар шақырылды. Қазақ үшін ең қадірлі саналатын ұлттық тағамдар тартылған дастарқанда ауылдың ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері бас қосты.
Бүгінгі Наурыз мерекесінің ерекшелігі әр дәстүрдің астында мән мен мағына, тәрбие беріп жататындығы. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, тағы да басқа ізгі істерге шақыратын бұл мерекенің мәні зор. Қазіргі уақытта Елбасының қолдауымен Наурыз мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланып облыс орталықтарында мерекелік киіз үйлер тігіліп, әр қалада, әр аудан мен елді-мекендерде ұлттық нақышта көңіл көтеру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Осылайша, бұл мерекенің маңыздылығы мен қадірі күннен күнге артып келеді.
Айтулы шараның бүгінгі ұйымдастырушылары "Нұр Отан" партиясы Қаратөбе аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат бөлімі, Мұхит Мералыұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы, аудандық мұрағат мекемесі, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалы - аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің редакциясы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұжымы жаңаша үлгіде өткізді.
Мерекелік дастарқанға арнайы шақырылған сала ардагерлері мен ауыл ақсақалдары, аудан әкімі Асхат Шахаров, аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов, аудан әкімдігі аппаратының басшысы Жасұлан Сұлтан мерекемен құттықтай келе ақ тілектерін арнап, биылғы Наурыз тойының ерекше аталып жатқандығын тілге тиек етті. 
Мерекелік дастарқан басында ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты әжелер қазақтың салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары жайлы, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Дастарқан басында көңілді ән айтылып, жас күйші Қайрат Байғұтты күйден шашу шашса, термеші Нұршат Исламғалиев Мұхит бабамыздың әндерін нақышына келтіре орындады.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы