Қаратөбе ауданында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымының концерттік бағдарламасы өтті.
Табиғаттың жаңаруымен қатар келетін Көрісу айты мейрамында қасиетті өңірге сапарлаған өнер ұжымы талғампаз қаратөбелік көрермендердің қошеметіне бөленді. 
Өнер кешінің ашылуында мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз сөйлеп, мәдени шараның мәні мен мақсатына тоқталды. 
Киелі сахнаның шымылдығын жыр шашумен ашқан айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев қасиетті Қаратөбе топырағында дүниеге келген дарынды тұлғаларды арнауына арқау етіп жергілікті көрерменді бір желпінтіп тастады.
Кеш тізгінін қолына алған жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин өнерлі жастарды сахнаға шақырып, орындалған әндердің шығу тарихына тоқталып кештің көрігін қыздыра түсті.
Әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев Қадыр ақынның сөзіне жазылған өз туындысы «Не жетеді...» әнін фортепиано аспабының сүйемелдеуімен және «Сыған серенадасын» нақышына келтіре орындады.
Сахна төріне көтерілген «Батыс star» тобы «Тамаша» әнімен кештің шырайын кіргізсе, Дастан Есентеміров «Ақжайық», «Жар» әндерін әуелете шырқап берді.
Қара сөздің қаймағын сапырған Қадыр ақынның өлеңдерін оқыған Асланбек Шығыров, Жадыра Нысанова, Тимур Ниязбекке көрермен қошеметпен қол соқса, жалынды жырларын оқыған Талғат Мықи мен Мәрлен Ғилымхановтан шапалақтарын аямады.
Сазды кеште өнер көрсеткен «Інжу» тобы «Асыл әжем» әнін, Мейірхан Аюпов «Өз елім» әнін орындаса, Ерлан Қуанышев пен Гүлзада Ахметова «Тамды аруы», «Кездер-ай», «Ақ ерке - Ақжайық» әндерімен тыңдарманын тамсантты.
Мерекелік концерт соңында аудан халқының атынан шынайы алғысын жеткізген Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Берлешұлы өнер ұжымына шығармашылық табыс пен сәттілік тілеп, арнайы алғыс хат пен сыйлық табыс етті.
Серікбай ХАСАНОВ,
Қаратөбе ауданы