Кеше Қаратөбе ауданында мəреге жеткен "Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!" атты аудандық келіндер сайысының жеңімпазының есімі белгілі болды. 
Ардагер ұстаз Сəния Тынымжанова бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен жеңімпаз атанған жас маман Назира Жəрдем ендігі уақытта облыстық байқауда аудан намысын қорғамақ.
Ол Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болып қызмет жасайды. Назира көркем əдебиетті жаны сүйіп оқиды. Қолы қалт еткенде əн салғанды да ұнатады.
Жалпақтал өңірінен түлеп ұшқан Назира отбасында Райымбек екеуі Елдос есімді ұл тəрбиелеп отырған жас отбасы.
Бірнеше кезеңнен тұрған келіндер сынында сахнаға шыққан 6 қатысушы келін өз өнерлері мен білім-біліктіліктерін ортаға салып, ас мəзірінде дайындады.
Əрине, ұйымдастырушы тараптан берілген қарапайым тапсырмаларды орындауда мүлт кеткен тұстар да байқалды. Қарапайым көрермен оған көзді жұмып та қарады. Тиісінше қол соғып, қолдау білдіріп отырды. 
Отбасы құндылықтарын арттыру мақсатын көздеген шараның басты ұйымдастырушылары - аудандық "Қаратөбе əйелдері" қоғамдық бірлестігі мен аудандық мəдени-демалыс орталығы.
Айта кету керек, сайыста жүлделі ІІ орын аудандық орталық аурухана қызметкері Әйгерім Әндіроваға, ІІІ орын аққозылық Айдана Садреденоваға табыс етілді, Қалған қатысушы келіндер түрлі аталымдармен марапатталды.
Қазақ қарашаңырағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар берер сайыстың өміршеңдігін тілеп тарқастық. Өйткені, өмір өзегі - отбасында.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы