Қаратөбе ауданының орталық алаңында он екі қанатты ақшаңқан киіз үй тігіліп, жастар жағы қазақтың ұлттық ойыны «Алтыбақанда» тербеліп, ұлттық киіммен сән құрған ауылдастар бір-бірімен қол алысып ақ жарма тілек тілесті.
Наурыз мейрамы – көктемнің жаңару мерекесі. Ауданымызда Наурыз мейрамы 14-22 наурыз аралығында аудандық мекемелердің және қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен жоспарға сай мерекелік ісшаралар өткізілмекші. 
Бүгінгі татулық пен бірліктің белгісіндей болған барша жұртқа шуағын шашып келген, бір-біріне төс қағыстыра тілек тілейтін бұл күні аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шыңықтыру және спорт бөлімі алаңдағы қос киіз үйге наурыз көже, балқаймақ, қазы-қарта, бауырсақ және т.б. ұлттық тағамдарын дайындап, ауыл тұрғындарына арнап мерекелік дастарқан жайды.
Мерекелік дастарқанда сөз алған аудан басшысы Асхат Шахаров тек батыс өңірі тойлайтын көрісу күнімен және түркі жұртының мерейлі мерекесі Әз-Наурызбен құттықтады. 
Ақсақалдар ақ лебіздерін арнап, наурыздың тарихына тоқталып, ақ дастарқанда ақ тілектерін тіледі.
Айтулы амал мерекесі бауырмалдықтың, туысқандықтың, адамның адамаға жақындығы қазақылықтың иісін аңқытып, салт-дәстүрімізді жаңғырта түсті.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы