Ақпан айының 28-і күні Қаратөбедегі байырғы мектептердің бірі Сал Мұхиттың есімімен аталатын жалпы орта білім беретін мектебінің базасында «Жұлдызай-2017» фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі оздырылды.
Облыстан келген қазылар алқасы «Өркен» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ақмарал Бақытжанова, облыстық психологиялық-дәрігерлік педагогикалық кеңестің әдіскері Өзипа Сатыбалдиева, облыстық психологиялық-дәрігерлік педагогикалық кеңестің тифлопедагогы Ізғайша Лұқпанова 12-ші рет өткізіліп отырған «Жұлдызай» фестваліне қатысушы оқушылардың қолөнерінен туындаған көрмедегі түрлі бұйымдарды, суреттерді тамашалап, сахнада ән шырқап, би билеген мүмкіндігі шектеулі өрендердің өнерлеріне тәнті болды. 
Фестивалдің ашылу салтанатында «Өркен» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ақмарал Бақытжанова, аудандық педагогикалық- психологиялық түзеу кабинетінің басшысы Айбек Зейнуллин сөз сөйлеп, өнерге құштар өрендерге сәттілік тіледі.
Сахнада тамаша ән орындаған қалдығайтылық Бекзат Серікболов, қоскөлдік Айнара Сарбасова, егіндікөлдік Темірхан Азербаев, Мұхит атындағы ЖОББМ оқушылары Бұлбұл Ғабдиева мен Айымторы Өтепбергенова, мың бұрала би билеген қалдығайтылық Диана Ислямова мен шөптікөлдік Дилназ Ғарифуллина және «Өнер» аталымын иеленген Назерке Мағзомова дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.
Жас өрендерді марапаттау рәсімін жүргізген «Өркен» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ақмарал Бақытжанова балаларға арналған айтулы шараның өз деңгейінде өтуіне белсене атсалысқан Қаратөбе аудандық білім бөлімі, Қаратөбе аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті, Мұхит атындағы орта жалпы білім беретін мектебі және балаларды фестивальге қатыстыруды ұйымдастырған аудан мектептерінің ұжымдарына зор алғысын білдірді.


Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы