Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуді ұйымдастыру жөнінде жиын өтті.
Отырыста хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғали:
- Аудан аумағында облыстық маңызы бар 41 шақырым және аудандық маңызы бар 215,2 шақырым жолдар пайдаланылуда, аталған жолдардың бойында су өткізгіш 24 дана тұрба бар, оларды қардан, мұздан тазалау жұмыстарын жүргізуге мердігер мекемеге тапсырмалар берілді.
Қаратөбе ауданы аумағында 2017 жылдың су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатыстырылатын техникалар және қосымша құралдар, қазіргі уақытта 3 арнайы техника (2 МТЗ тракторы, су сорғысы орнатылған цистерна), аутокөлік ассенизатор, 2400 дана қапшық, 3000 литр дизелдік отын, 1000 литр АИ-80 маркалы бензин, 3 дана су сорғысы, 2 дана қайық, 1 дана дала шатыры (10 орынды) және «Бақыт жолдары» ЖШС-нің 4 техникасы (К701, ХТА, ДТ, МТЗ тракторлары) қажет болған жағдайда қосымша жұмылдырылатын болады. 
Жылдағыдай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен ауыл ішінде су жиналған көшелердегі су басу қаупі бар тұрғын үйлердің қар суларын қауіпсіз жерге сорықтыру жұмыстары жүргізілетін болады, ауылішілік жолдардың бойындағы 13 су өткізгіш құбырлар тазартылмақшы,- деді.
Кезегінде сөз сөйлеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрбол Нысанов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында халықты хабардар ету жұмыстары жөнінде тоқталып өтті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асхат Шахаров қазіргі таңда шалғай елді мекендерді жол қатынасымен қамту, халықтың қауіпсіздігін қадағалауды назарға алу, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажетті техникалар алу және қар суының қаупі туындамас үшін аудан орталығындағы көшелерді қардан тазарту жұмыстарын жүргізуді тиісті мекеме басшыларына тапсырды.


Серікбай ХАСАНОВ,
Қаратөбе ауданы