Бүгін Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Мұхит жастары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен аудандық мәдени-демалыс орталығында «Алланың елшісі - ақиқаттың еншісі» атты рухани-танымдық кеш өткізілді.
Кеш барысында адамзаттың ардақтысы, ең ұлы пайғамбар Мұхаммед с.ғ.с-ның ғибратқа толы ғұмырына арналған Мәуліт діни-рухани кешінде пайғамбардың өмір жолы тарихынан сыр шертетін бейнекөрсетілім көрермен назарына ұсынылды.
Жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетпес үшін «Шырмауық», «Өмірің саған - аманат» атты сахналық қойылымдары жиылған жұрттың көңілінен шығып, санасына имандылықтың дәнін септі. 
Қойылымда шетелде оқып жүріп, тура жолдан тайқып, радикалды ислам жолына түскен жігіттің шырмалған тағдыры бейнеленген. Жас жігіттің шырмауықтай шырмалған тағдырын мәдениет уйінің театр қызметкерлері нанымды жеткізе білді.
- Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру керек. Дәстүрлі құндылықтардан нәр алған ұрпақ адаспайды. Аудан жастарының бүгінгі ұйымдастырып отырған шарасы осы дәстүрлі рухани құндылықтардың қоғам өмірінде алар орнының маңызды екенін жастарға жеткізу, насихаттау, – деді аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев.


Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы