Бүгін аудандық мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай «Жастығын жалын шарпыған...» атты әскери-патриоттық әндер байқауы өтті.
1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпанына дейін он жылға созылған Ауған соғысына қаратөбеліктер де қатысты. Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 28 жыл толды. Ұрыс даласындағы қанды шайқаста құрбан болған боздақтар өз елінің, өз Отанының патриоттары. 
Байқау барысында Абай Ғабдоллин «Қазақстан», жусандыойлық Дәулет Нұрланұлы «Война», «Қазақстан-Гүлстан», Рүстем Ақташев «Ауған мұңы», Наргиза Сүлейменова «Катюша», қалдығайтылық Индира Оразғалиева «Бейбітшілік жыры», Азамат Жексенбаев «Виват», Сәнжан Байтеміров «Қазағым-ау» әндерін шырқады. 
Жастық шақтарын соғыс өрті шарпып, өзге елде қан кешкен ерліктері жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеудің, насихаттаудың, патриотизмнің қалыптасуына зор ықпал етуде. 
 Ауған соғсы кезінде қаза болған жауынгерлеріміздің есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Ел басына күн туған ауыр кезеңде қаза болған ержүрек жерлестерімізді құрметпен еске алып, арамызда жүрген көзі тірілерін әрқашан ардақтап отыру – бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парызы. 
Ән байқауына қатысушыларға және ардагерлерге сыйлықтар тапсырылды.
Ауғандық жауынгерлердің ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Біз оларды әрқашан мақтан етеміз, құрмет тұтамыз. Олардың ерлігіне тағзым етеміз.


Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы