Бүгін Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Жүректен шыққан сырлы сөз» атты аудан ақындарының поэзия кеші өтті.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең,- деп қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз айтқандай, поэзия әлемінде өз ойын өрнектеп бере білген, мазмұнды да мағыналы өлеңдерін жүрекке жеткізе білген жерлес ақындарымыз жетерлік.
Тағылымы мол шарада алдымен поэзия әлемінде өзіндік үні, өзіндік сыры бар жыр жолдарын жүрекке жеткізе білетін туған өлкеміздің ақындары Шолпан Қыдырниязова, Айсұлу Қадырбаева, Александр Қауенов, Ертай Бимұханов, Талант Арғынғали сынды ақындарымыздың өмір жолдары мен жеткен жетістіктерінен бейнекөрсетілім көрсетілді.
Кеш барысында белгілі ақын Ертай Бимұханов ұстазы мен шәкірттері жөнінде сыр бөлісіп, сырлы да, нәзік өлеңдерін оқушыларға тарту етті.
Кеште Әлия Жолдығалиқызы жерлес ақындарымыздың сөзіне жазылған әндерді шырқаса, жас ақын Қаратөбе балалар шығармашылығы үйі жанындағы «Ақындық әліппесі» үйірмесінің мүшесі Райымбек Өтепов жерлес ақындарымызға арнауын жолдады.
Кеш соңында жерлес ақындарымыздың кітаптары таныстырылып, мектеп директоры Мираш Спортқызы кеш қонақтарына алғысын білдірді.


Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы