Бүгін Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қаратөбе аудандық сотының ұйымдастыруымен өткен ерекше маңызға ие дөңгелек үстел «Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеудің тиімділігі» деп аталды.
Дөңгелек үстел жұмысын аудандық сот төрайымы Бақытгүл Шабайқызы мен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Нәсіпқалиұлы кіріспе сөзбен ашып, күн тәртібіндегі басты мәселе медиацияның қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.
Айтулы шарада аудандық сот төрайымы Бақытгүл Жәңгірованың «Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру», облыс орталығындағы «Татулас» кәсіби медиаторлар мекемесінің төрайымы Анар Жолимованың «Медиация туралы заңының қоданылуы», облыстан келген кәсіпқой медиатор Айжан Мұқанованың «Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жоба» туралы баяндамалары тыңдалды.
Үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері Орынғали Ермекқалиев, Нәжім Дәулетов, «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Берікқалиева елдегі бірлікті сақтау жолында медиаторлар арқылы дауларды өзара келісім бойынша реттеудің, екі жақты татуластыратын медиаторлардың жұмысының маңыздылығы, медиацияның қоғамдағы рөлі туралы және қоғамдық ұйымдардың медиация аясындағы жұмыстарды кеңінен қолдайтындықтарын айтты.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселеге орай жұмысты жандандыруға белсене атсалысып жүрген аудандағы бірден-бір округ Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин татуластыру рәсімдерінің қолданылуының артықшылықтарына тоқталып, медиация аясын кеңейту бағытында округте атқарылып жатырған жұмыстар туралы баяндады.
Аудандағы кәсіпқой емес медиатор Оралхан Макарұлы медиация жұмысы туралы ой бөлісті.
Жиынды қорытындылаған аудандық сот төрайымы Б.Жәңгірова кәсіпқой емес медиаторлардың қатысуымен ауданда 2016 жылы 19 іс, үстіміздегі жылдың 2 айында 1 қылмыстық іс және 4 азаматтық іс тоқтатылғандығын баян етті. 
 Медиация жұмысын жандыру мақсатында пікір алмасылған дөңгелек үстелге аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.


Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы