Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров ауданның дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып, елеулі еңбектерімен көрінген бір топ ардагер аналар мен қыз-келіншектерді 
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қабылдап, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
- Бүгінгі ізгіліктерге толы мерекелік лебіздер өздеріңізге арналады, құрметті аналар мен апа-қарындастар! 
 Сіздер, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары бала тәрбиесі және үйдің күйбең тірлігімен бірге елдің дамуына айрықша үлес қостыңыздар. Сіздердің теңдессіз еңбектеріңіз тарих парағында сақтаулы.
Ауданның әл-ауқатын арттыруда Сіздердің атқарған еңбектеріңіз зор. Өнегелі еңбектеріңізбен қатар келешек ұрпақ тәбиелеуде орасан еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатырған Сіздер үлкен құрметке лайықсыздар. Мейірімге толы ерекше күн 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын! Ел үшін атқарған игілікті істеріңізбен, атқарып жүрген еңбектеріңіз баянды болсын! - деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы. 
Жылы жүзді кездесуде ауданның әр саласы бойынша өнегелі еңбек еткен және бүгінде өз іскерліктерін танытып жүрген сала өкілдері әжелер мен аналар, апа-қарындастар өздерінің еңбек жолдары және сала бойынша атқарған жұмыстары турасында әңгіме өрбітті.
Ұзақ жылдар аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектепте тарих пәнінен дәріс берген ардагер ұстаз Гүлбағида Қорғанова, денсаулық сақтау саласында елеулі еңбегімен танылған Лиза Бекмағанбетова мен жақында зейнеткерлік демалысқа шыққан қоскөлдік дәрігер Гүлбаршын Мергенқызы, саралжындық Жұмағыз Ашықова, сан жылдар аудандық әділет басқармасының басшысы қызметін атқарған қаратөбелік зейнеткер Сәния Саматқызы өз ойларын ортаға салып, мерекелік ыстық ықыластарын білдірді.
Кәсіпкерлік, статистикалық есеп саласында іскерлігімен танылған Рысты Нұрлыбайқызы мен Бәтила Сәкенқызының және т.б. сала өкілдерінің еңбектері дәріптелді.
Мерекелік қабылдауға байланысты дастарқан мәзіріне қатысушы әйел-аналардың иықтарына камзол жабылып, үлкен құрмет көрсетілді. 
Мерекелік шараға аудандық мәслихат хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев, «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев қатысты. 
Мерекелік қабылдау «Ана деген теңдесі жоқ ұлылық» атты концерттік бағдарламаға ұласты.


Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы