Бүгін Қаратөбе аудандық мәслихатында қоғамдық ұйым басшыларының қатысуымен балалар бойына ұлттық музыка өнерін дамыту бағытында депутаттардың отырысы оздырылды.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алғашқы буыны болып табылатын мектеп жасындағы балалардың музыкалық қабілетін жан-жақты дамыту және дәстүрлі ән мектебін жандандыруға ерекше мән берілуде.
Отырыстың күн тәртібінде аудандық мәслихат хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев Мұхит пен Ғарифолланың елі өркениетіміздің тамыры болып саналатын дәстүрлі ән мектебін жаңғырту хақында сөз қозғады.
Комиссия отырысында 2016 жылғы атқарылған шаралар мен жетістіктер жөнінде аудандық саз мектебінің директоры Аягүл Бисенғалиева хабарлама жасап, ауданда бүгінде дәстүрлі ән өнерінде дәріс беретін мамандар жетіспейтіндігіне тоқталды.
- Адам баласы талантты, не талантсыз болып тумайды. Сондықтан мектеп оқушыларын кішкене кезінен бастап баулу керек. Бүгінде облысқа кеңінен танымал Фархат Оразов, Сағадат Рахметжанов секілді жерлестеріміз келіп дәріс берсе, біздің өнеріміздің шығар шыңы биік болмақ, - дейді аудандық ақсақалдар кенесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев.
Жиналыста сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов, аудандық мәслихат депутаттары Нұрлан Меңдешов, Әмірбек Жәнібеков, Нұрлан Оразов өз пікірлерін ортаға салды.


Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы