1 наурыз - Алғыс айту күніне орай республикалық «Сүйінші!» акциясы аясында Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде жас анаға құрмет көрсетілді.
Алғыс айту күні өткізілген аталмыш акцияда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Венера Ғұбайдуллина аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде болып, дүниеге келген жас нәрестенің анасын құттықтады. Нәрестеге мықты денсаулық пен сәттілік тілеп, анасына сыйлықтар мен туу туралы куәлік табыстады. 
Қуаныш Қойшыбаев пен Балнұр Қойшыбаеваның шаңырағын шаттыққа кенелтіп дүние есігін ашқан нәрестеге Рақым есімі берілді.
Немересін перзентханадан шығарып алуға арнайы келген Болат Мусин ақсақал шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, немересіне ақ батасын беріп, атқа мінер азамат болуын тіледі.


Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы