Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен жарияланған Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде өзге ұлт өкілдерін бауырына тартып, қамқорлаған Қазақ халқының қайырымдылығы, адамгершілігі мен кеңпейілдігіне және басқа да көптеген ізгілікті істеріне алғыс білдіруге арналған Алғыс айту күні 1 наурызға белгілегені баршаға аян. 
Бүгін айырықша маңызға ие мерекеге орай Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімі және мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Шын жүректен, мың алғыс!» атты концерттік бағдарлама оздырылды.
Мерекеге арналған сахнада алғаш ән шырқаған жас әнші Абай Маратұлының, 
 «Қара жорға» әні желісімен қазақ биін орындаған бишілер тобының, халықаралық байқаулардың жүлдегері, жас домбырашы Қайрат Байғұттының орындауындағы Құрманғазының күйі «Адай», өнерлі жұп Мерей мен Наргиза Амангедиевтердің орындауындағы «Ақ тілек», бишілер тобы орындаған «Өзбек биі», жас өнерпаз Қуаныш Дүйсекештің орындауындағы «Ата-әже, әке-ана», Аралбек Дүйсенов орындаған «Сенің күлкіңнен аумайды», Назира мен Нұрғисаның орындауындағы «Бақыт құшағында» әндері көрермендерге көтеріңкі көңіл сыйлады. 
Сахнада Мерей Амангелдиев пен Қуаныш Дүйсекештің отбасының қызығы мен шыжығын бейнелеген «Түнгі көрініс» атты көрінісі мен дүниенің жарығы аналарға мың алғыс айтып, тілек білдірген қаратөбелік балғын бүлдіршін Назира Жаукенқызының балдай тәтті сөздеріне залдағы көрермендер зор ықылас танытты.
Мерекелік концерттік бағдарлама жерлес әнші Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.
Мерекеге арналған концерттік бағдарламаны тамашалаған ауыл ардгерлеріне арналған мерекелік дастарқан мәзірі ұйымдастырылды.
Ауыл қариялары бас қосқан мерекелік дастарқанда аудан әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс айту күні мерекесінің маңызына тоқталды. 
Мерекелік дастарқан басында жылы лебіздер айтылып, өнеге, үлгі боларлық әңгімелер өрбіді.


Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы