«Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалында аудандағы кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Үндеуін және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Аудандағы кәсіпкерлердің қызметіне қатысты әкімшілік кедергілерді жою және олардың алдын алу шаралары, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер, кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы мәселелер талқыланды.
Дөңгелек үстелге аудан прокурорының көмекшісі Райхан Мұқанова, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Қаратөбе аудандық филиалының директоры Рысты Тойшыбаева, Қаратөбе ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Абылай Тажкенов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Батырғали Тойшыбаев және жеке кәсіпкерлер қатысты.
- Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Қазақстанда Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетінін атап өтті. Билік тармақтарындағы өзгерістерге тоқталды.
Қоғамды мазалап жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Енді мемлекеттік басқару жүйесі өзгереді. Үкімет пен Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі арта түседі.
Биылғы Жолдауда Елбасы кәсіпкерлік саласына да көп көңіл бөліп, Үкіметке жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар тапсырмалар берді. Бұл Елбасының кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі деп білемін.
Мемлекет басшысының шағын бизнесті қолдау туралы ойларымен толық келісемін және қолдаймын,- дейді шарада сөз алған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы