Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, публицист, сыншы, драмтург Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған аудандық V «Қадыр оқулары» байқауы өтті.
Шараға аудандық жалпы білім беретін мектептерден 40-қа жуық оқушы қатысты. 
Қатысушылар ақынның шығармашылығынан өлеңдерді мәнерлеп жатқа айту, ақынның сөзіне жазылған танымал әндерді нақышына келтіріп орындау және ақын рухына арнап, өз шығармаларын оқу сынды кезеңдер бойынша өнер жарыстырды.
Байқауға аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Светлана Әзербаева, Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының директоры Нұрлан Меңдешев, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директоры Ертай Бимұханов, Қаракөл ЖОББМБ-ның директоры Самал Орынбасарқызы, аудандық балалар саз мектебінің директоры Аягүл Меллатқызы төрелік етіп, үміткерлердің тіл тазалығына, шығарма таңдауына және ақынның шығармаларын мәнеріне келтіріп жатқа айтуына, сахналық мәдениетіне қарай әділ бағаларын берді. 
 Сайыс қорытындысында «Сөздің бәрі құдіретті...» кезеңінде Қадыр ақынның 51 өлеңін мәнерлеп жатқа айтуда алдына жан салмаған Б.Аманшин атындағы ЖОББМ оқушысы Нұрханша Бақтыбайқызы бас жүлдені иеленді.
«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» кезеңінде ақын рухына арнаған өзінің жүрекжарды жалынды жырымен көзге түскен Б.Қаратаев атындағы ЖОББМ оқушысы Арайлым Айтбай бас жүлдені алса, «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» кезеңінде барша көрерменді керемет дауысы мен тәнті еткен Қалдығайты ЖОББМ оқушысы Оразбек Мұстажапов бас жүлдені қанжығасына байлады.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы