Ақпанның 13-і күні «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахадден бастаған ақпараттық насихат тобы мүшелері Үшағаш, Соналы ауылдарында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен жиында Мемлекет басшысының Үндеуі және 31 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы талқыланды.
Насихатшы топтың сапары әуелі Үшағаш ауылынан бастау алды.
Топ жетекшісі Нұрлан Жақанұлы қос ауылдың тұрғындарына Қазақстан Республикасының Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінің және Жолдаудың мән-маңызы туралы түсініктер берді. 
Ауыл ақсақалы, үшағаштық Нұрлыбай Шонаев Елбасының саясаты аясында ел халқының бірлігімен атқарылған игі істерге ризашылығын айтып, ауылдың тірлігіне байланысты көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. 
Қаратөбе колледжінің директоры, насихатшы топ мүшесі Мәулен Аманшаұлы Елбасы Жолдауының маңызына кеңінен тоқталды. 
Көршілес ауылдардардағы жиындарда мектеп директорлары Қанат Зинуллин, Сүйесін Нұрғалиев сөз сөйлеп, мектеп ұжымдарының Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы