Бүгін 8 ақпан күні Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда атқарылмақ міндеттер турасында халық алдында есеп берді.
Есеп беру жиынына облыс әкімі Алтай Көлгінов, БҚО сот төрағасы Бек Әметов, БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Махсудхан Аблазимов, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев және кейбір салалық басқарма басшылары қатысты. 
Алдымен өңір басшысы Алтай Сейдірұлы бастаған топ аудандық мәдени-демалыс орталығы фойесінде орын тепкен ауданның дарынды ұл-қыздарының қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты. 
 Аудан әкімі Асхат Шахаровтың есептік кездесу жиналысында тұрғындар назарына ауданның ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, спорт, және мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарын баян етер бейнекөрсетілім ұсынылды. 
Қаратөбе ауданы әкімінің қорытынды есеп беру жиынына ауданға қарасты ауылдардан тұрғындар көп жиналды. 
Аудан басшысы Асхат Берлешұлының ауданның өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған есебін көпшілік мұқият тыңдады. 
 - Өткен жылдың ауданымыз үшін, жалпы Қазақ елі үшін өте бір маңызы жоғары, мәні тереңнен қозғалатын жылдардың бірі болғандығы бәрімізге аян. Себебі, 2016 жылы басты байлығымыз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты атап өттік. Осындай айдарлы жыл ішінде Елбасымыз саралап берген Ұлт жоспары, өткен жылғы Елбасымыздың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша ауданда игі істер мен жаңалықтар орын алып, көптеген жоспарлы жұмыстар орындалды, - деп сөз бастаған аудан әкімі Асхат Шахаров аудандағы салалар бойынша жүзеге асқан жұмыстардың маңыздысына тоқталды. 
Есептік жиында аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Меңдешов, студент Мұхтар Шайжанов сөз сөйледі. 
Мінбеге көтеріліп, сөз сөйлеген БҚО сот төрағасы Бек Әметов медиация жөнінде баяндады. 
Есеп беру жиынында сөз алған облыс әкімі Алтай Сейдірұлы облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Берлешұлының өткен жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. 
«Осыдан жеті жыл бұрын келгенде жол өте нашар еді. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Ауданның сапалы ауыз суы керемет. «Дем» сусын өндіру цехы тұрақты жұмыс жасап тұр. Оның үстіне аудан көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген ауданның бірі екендігін жақсы білеміз. Сол себепті Қаратөбе ауданын басқа аудандарға үлгі ретінде көрсетуге болады» - деп атап өтті өз сөзінде өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Ертай БИМҰХАНОВ
Қаратөбе ауданы
Суреттерді түсірген Серікбай ХАСАНОВ