Бүгін Қаратөбе ауданында «Отбасылық мал бордақылау аландарын құру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру» тақырыбы бойынша семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңес Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Елбасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында ауылдық елді мекендерде корпорацияны дамыту және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке және ауылдардағы қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану тапсырмасына сәйкес туындайтын мәселелерді талқылау мақсатында өткізілді.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің экономика және бизнес факультетінің деканы Айгүл Қазанбаева ауыл тұрғындарын бір кооперативке біріктіру барысы туралы, сондай-ақ мал бордақылау алаңдары, шаруагерлерге үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Семнар-кеңесте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің стратегия және талдау басқармасының басшысы Нұрболат Мақашов мал бордақылау алаңдарындағы мал азығының дайындалуы барысына тоқталды.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин ауыл шаруашылығы мамандары мен жеке кәсіпкерлердің жеңілдетілген пайызбен несиеге қол жеткізуге болатындығы жөнінде кеңестер бере отырып, ауыл тұрғындарын бір кооперативке біріктіру мәселесін қаузады.
- Ағымдағы жылда Қаратөбе ауылында мал бордақылау алаңы салынып, ауыл тұрғындарын бір кооперативке біріктіріп, үкіметтен берілген субсидияларды аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жоспардың жүзеге асуына барлығымыз бірлесе ат салысайық, - дейді семинар-кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев.
Семинар-кеңес соңында ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер сала мамандарынан көкейкесті сауалдарына жауап алды.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы