Бүгін Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және іске асыруды жөніндегі шаралар туралы аудан активінің жиналысы оздырылды.
Аудан әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиналысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.
Алдымен аудан басшысы А.Шахаров Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында ауданымызға арнайы сапармен келген республикалық және облыстық насихат тобының мүшелерімен таныстырып өтті.
Қаратөбеліктердің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева Мемлекет басшысының биылғы жылғы Жолдауынан туындайтын басым бағыттарға толыққанды тоқталып, оны жүзеге асыруда ел болып бірлесе жұмыстануға шақырды.
- Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында мемлекет алдыңда ең маңызды жаңа міндеттерді бекітіп отырады.
Елбасының биылғы халыққа арналған Жолдауы қазіргі тарихи жағдайға, қазіргі ғаламдық жағдайларға Елбасымыздың беріп отырған жауабы. Прездентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің бұдан әрі дамуына жол бастайтын өте маңызды стратегиялық жоспары боп саналатын тарихи құжатта Елбасымыз Қазақстанның одан әрі жаңа тарихи жағдай шеңберінде ілгерілеу бағыттарын белгілеп берді. Бұл ретте ұлттық экономиканы көтеру арқылы ең негізгі мақсат халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Кесебаева.
Тарихи маңызды құжат төңірегінде келелі әңгіме қозғаған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Е.Жәнібеков, аудандық мәслихат депутаты, Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының директоры Н.Меңдешов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Тойшыбаев, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, «Мұхит жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Г.Мұратқалиева Елбасы Жолдауын аудан тұрғындары толықтай қуаттайтындығын жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан тұрғындары С.Далабаева, О.Ермекқалиев, Е.Биялиев, А.Бейсембай, Б.Қойшекенов, Қ.Мұқанов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Туғанбайқызына сауалдар жолдап, тиісінше жауаптар алды.
Актив жиналысында сөз алған өңір басшысының орынбасары Марат Лұқпанұлы тарихи құжаттың басты ерекшеліктері мен маңыздылығы ел экономикасын дамытуға бағытталғандығын атап өтіп, қаратөбеліктердің де Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруда елеулі қызмет атқаратындығына сенім білдірді.
Аудан активі жиналысына аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, ардагерлер және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды.
Айта кету керек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева мен облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Қаратөбе ауданына жасаған сапары барысында аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Қаратөбе мектеп-гимназиясында болып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы