Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзгеге асыру шараларына орай аудан активінің жиыны оздырылды.

Жолдауда Елбасы еліміздің 25 жылдық даму кезеңіндегі табыстарымыз бен жетістіктерімізді бағалай келе, «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес мемлекеттің жарқын болашақтағы даму бағытын айқындады.
– Әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция, жаңа қауіптер, діни экстремизм және терроризмнің көріністері еліміздің даму жолының тағы да бір қилысын іздеуге, экономикалық бағыттарын қайта қарауға бет бұрғызды. Елбасы бұған дейін алдымызға қойған реформаларды ілгері бастырып, азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмірлік мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның үшінші жаңғыруды бастауы туралы атап өтті.
Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі, - деп жиынды ашқан аудан әкімі Асхат Шахаров Елбасы Жолдауының басым бағыттарына тоқталды.
Жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің IY курс студенті Мұхтар Шайжановтар ағымдағы жылдың басты тарихи құжатының ерекшелігіне басымдық берді.
– Биылғы Жолдаудың негізі ойы – үшінші жаңғыру жөнінде мақсат қою. Бірінші жаңғыру – тәуелсіз, іргетасы берік мемлекет құру. Екінші жаңғырту – «Қазақстан-2030» стратегиясы. Бұл кезеңдерден абыроймен өткенімізге тарих куә. Ал, үшінші жаңғырту «Қазақстан-2050» стратегиясына бастайтын алтын көпір болмақ.
«Қазақстан-2050» стратегиясы – еліміздің болашақ бағыты. Ал, еліміздің болашағы біз – жастар. Елбасымыз әрқашан жастарға зор үміт артқан. Тарихта ізі қалған тұлғалардың барлығы дерлік ауылдан шыққан. Ендеше, ендігі тарихты жазатын – ауылдың жастары. «Отан отбасынан басталады», ал іргесі берік мемлекет ауылдан бастау алады. Егер әр азамат туған жерінде тер төгіп, еліміздің дамуына үлес қосса, әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземіз тең болары анық. «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі мақсаты да осы дамыған 30 елдің қатарына кіру, - дейді жігерлі жас Мұхтар Мерекеұлы өз сөзінде.
Еліміздің жаңаша дамуына жол ашар Жолдаудың басым бағыттары жөнінде тереңнен ой толғаған аудан басшысы Асхат Берлешұлы:
– Елбасы Жолдауынан туындайтын маңызды шараларды жүзеге асыруда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Ол үшін біз ұзақ мерзімде орындалатын мемлекетіміздің болашақтағы дамуы бағытын күшейтуміз керек.
Осыған орай, Жолдауда ұлттық саясаттың, экономиканың жаңа бір формулалары айқын көрініс тапты. Жолдауда айтылған басымдықтардың ойдағыдай жүзеге асуы бәрімізге тікелей байланысты, - деп жиынды қорытындылады.
Актив жиыны тиісінше қарар қабылдады.
Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы