Аққозы мектеп балабақша кешенінде аудан әкімдігі мен аудандық прокуратурасы бірлесіп «Оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда мектеп пен отбасы серіктестігі» тақырыбында семинар-кеңесін өткізді.

¬ Күн тәртібімен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов:
- Қазіргі қоғамдағы ең маңызды мәселенің бірі – бұл жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың көбеюі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін балаларға дұрыс құқықтық тәрбие мен құқықтық білім беруіміз керек, - деді.
Мектеп директоры Айгүл Айтқалиева құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар легі туралы баяндама оқып, слайд түрінде таныстырып өтті.
Қаратөбе ауданының прокуроры Ғалымбек Мұхитов ата-аналар мен ұстаздарға ҚР Бала құқығына қатысты нормативтік-құқықтық актілерді таныстырып, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі туралы атап өтті.
Құқықбұзушылықтың алдын алуда кездесетін проблемалар, оны шешу жолдары, Қазақстандағы бала еңбегінің құқықтық базасы туралы заңға кеңінен тоқталып, мектептерде ұялы байланыс құралдарын шектеу жөнінде ой-пікірін білдірді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Жанаргүл Ғарифоллақызы «Қаратөбе ауданы көлемінде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу» туралы баяндамасын айта келе, мектеп жасындағы балалар түнгі 23:00-ден кейін көшеде жүретін болса, қылмыстық жазаға тартылып айыппұл төлейтіндігін жеткізді.
Адам азса, тәрбиенің жоқтығынан азады, қоғам азса, адамдардың тәрбиесіздігінен азады. Балаға дұрыс тәрбие беру – қоғамның болашақ дамуының кепілі. Сондықтан да баланың тәрбиесін мектепке тапсырып қоймай, ата-ана, бүкіл қоғам болып атсалысу қажет, - дейді мектептегі ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлжазира Батырова.
Семинар-кеңесте сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев мектептегі құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын нығайтуды мұғалімдердің қаперіне салып, арнайы ата-аналармен тығыз жұмыс жасау керектігі жөнінде ой тастады.
Кеңес соңында мектептегі бала тәрбиесін қадағалау жұмыстары жөнінде ұстаздар тарапынан тасталған ұсыныстарға ата-аналар тарапынан қолдау білдірілді.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы