Қаңтар айының 31-і күні Қаратөбе аудандық мәслихатының кеңейтілген мәжілісі оздырылды.
Атаулы мәжілісте тұрақты комиссиялар Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және «Қаратөбе» спорт клубы басшыларының 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдап, бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы ойларын ортаға салды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев «Бүгінгі кеңейтілген отырыстағы басты мәселе тұрақты комиссиялар тарапынан аудан спортын дамытуға байланысты тиімді ұсыныстар тастау арқылы адам денсаулығының кепілі - бұқаралық спортты дамыту болмақ» деді.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Орынғали Ермекқалиев елді мекендердегі спортқа деген құлшынысы жоғары балаларды спорттық ойындарға тарту бағытындағы жұмыстарды жергілікті жердегі мектептер аудан орталығындағы Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және «Қаратөбе» спорт клубымен кең көлемде өзара байланыста жүргізу қажет деген ұсынысын тастады.
Ауданда кенже қалып келе жатырған спорт түрі бокс бойынша жаңадан ашылған секцияның жұмысын жандандыру мәселесі сөз болды. Аталмыш спорт түрі секциясын дамыту үшін былғары қолғап майталмандарын тәрбиелеп шығаратын тәжірибелі бапкер және оны талапқа сай қажетті құралдармен қамту мәселесі кеңінен талқыланды.
Кеңейтілген мәжілісте тұрақты комиссиялар мүшелері әйелдерді спорттық ойын түрлеріне кеңінен тарту, мекемеаралық спорттық сайыстарды жиі ұйымдастыруды қолға алу, жалпы салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау мақсатында бұқаралық спортты дамыту мәселелері әңгіме болды.
Аудан спортын дамытуға қажетті материалдық-техникалық базаны көтеру бағытында екі мекеменің де бюджетін толықтыру арқылы қосымша қаражат қарау туралы мәжіліске қатысушы тұрақты комиссиялар мүшелерінің ұсыныстары назарға алынды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңейтілген мәжілістің қаулысы қабылданды.

Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы