Аптаның бейсенбісінде жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, ел болып еңсерген жетістіктермен қатар алдағы уақытта атқармақ жоспарларымен бөлісуді мақсат тұтқан аудан әкімі Асхат Шахаровтың кезекті есебі Қаракөл ауылдық округінде жалғасты.

Алдымен тұрғындар алдында есеп берген Қаракөл ауылдық округінің әкімі Нұржан Сахипов 2016 жылы атқарылған жұмыстар легіне тоқалып, алдағы жоспарларын баяндады.
– Округтің негізгі экономикалық бағыты – мал шаруашылығы. Округте қазіргі таңда 2558 бас ірі қара (өткен жылы 2427 бас, 131басқа артты) , 4215 бас қой-ешкі (өткен жылы 3721 бас, 494 басқа артты), жылқы 383 басты құрап отыр (өткен жылы 263 бас, 20 басқа артты). 24 шаруа қожалығы тіркеліп, оларда 1109 бас ірі қара, 2004 бас қой-ешкі, 190 бас жылқы малдары бар.
Сонымен қатар, 6 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау ретінде мемлекет тарапынан ірі қара малдарының және ұсақ мүйізді қара малдардың селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін берілетін 8 млн 582 мың теңге демеу қаржыға қол жеткізілді.
Округ бойынша шағын кәсіпкерлік саласы да даму үстінде. Бүгінде 24 шаруа қожалығы жұмыс жасап, 6 жеке кәсіпкер, 3 дүкен тұрақты түрде халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында қызмет көрсетіп келеді. Қайырымдылық айларында мемлекеттік мерекелерде ауылымыздың көп балалы, аз қамтылған отбасыларына азық-түлікпен демеушілік көрсетіп отырады.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 кәсіпкер 8 млн теңге несие алып, ірі қара мал сатып алу жұмыстарын жүргізіп, қосымша жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстануда. «Мұстафа» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг әдісімен жаңадан «Беларусь - 82» маркалы трактор сатып алды. Иса Дүйсенғалиев жетекшілік ететін «Әділетхан» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 5 млн. 800 мың теңге несие алып, 33 қашар, 2 асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Қаракөл ауылдық округі әкімінің аппараты Елбасының жыл сайынғы Жолдауларынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды, облыс әкімі мен аудан әкімі қабылдаған шешімдер мен іс шараларды орындау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді, - дейді ауылдық округ әкімі Нұржан Хамидоллаұлы.
Қаракөл ауылдық округі тұрғындары алдында есепті эиында сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Берлешұлы жергілікті халық алдында атқарылған тірліктер мен алдағы жоспарларға кеңінен талдау жасады.
- Жыл бойына саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, жастар саясатын жүзеге асыру, ұлтаралық келісімді нығайту бағытында да айтарлықтай маңызды істер атқарылды. Оларға тоқталар болсақ, жалпы, ауданымызда 38 түрлі ұлт өкілдері тұрып жатыр. Осы ұлттар арасындағы келісімді күшейтіп, бірлігімізді ауданның дамуы бағытында жұмсау үшін аудан орталығында жыл басынан 14 адамнан тұратын 2 ақпараттық насихат топтары тұрақты жұмыстар атқарды, - деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы.
Есепті жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін айтты. Атап айтар болсақ, ауыл іргесіндегі бөгетті көктемде су шайып кету қаупінің алдын алу жұмыстарын жүргізуді ауыл тұрғыны Тыныштық Жаңабайұлы көтерсе, зейнеткер Балзия Байқанова телеарналарды тамашалау сапасының нашарлығын тілге тиек етті.
Тұрғындар сауалына аудан, ауылдық округ әкімдері нақты жауап бере отырып, алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Ақтайсай ауылы