Түстен кейін аудан басшысы Асхат Шахаров Жусандыой ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Алдымен жиналған жұртшылық алдында есеп берген округ әкімі Талап Қазиев округ бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, болашақ жоспарымен бөлісті.

- Округ аумағындағы шаруа қожалықтары иелігіндегі жерді тиімді пайдалану, шаруа қожалығы есебіне мал салу бағытында біркелкі түсінік жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ресми есептегі 26 шаруа қожалығының қазіргі уақытта 22 қожалығы мал салып, жұмыстануда.
Сонымен қатар округ аумағындағы «Ақжол», «Думан», «Талапкер», «Сұлтанбек» шаруа қожалықтары да мал азығын дайындау, мал басын өсіру, мал тұқымын асылдандыру бағытында біркелкі нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Есепті мерзім ішінде «Талапкер» шаруа қожалығы 3 бұқа, «Сұлтанбек» шаруа қожалығы 1 бұқа, «Думан» шаруа қожалығы Қостанай қаласынан Әулиекөл асыл тұқымды 2 бас бұқа, «Жасұлан» шаруа қожалығы 1 бұқа, «Сейтек» шаруа қожалығы 1 бұқа, барлығы 8 асыл тұқымды бұқа алып жұмыстануда.
«Думан» шаруа қожалығы мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 14 млн 100 мың теңгеге 50 бас жылқы алып, жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар «Ақжол» шаруа қожалығы мал сою алаңын салу мақсатында құжаттарымен айналысуда.
Есепті мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде «Жасұлан» шаруа қожалығы жаңа 1 шөп буғыш, «Әділ» шаруа қожалығы жаңа «МТЗ - 82» тракторын алды. Сол сияқты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Дәрмен» шаруа қожалығы 3 000 000 т несие алып жұмыстануда. «Әділ» шаруа қожалығы 300 бас аналық қоймен мемлекеттік бағдарлама шеңберінде субцидия алуға ниет білдіріп отыр.
Жусандыойлықтардың алдында есеп бере келген аудан басшысы Асхат Берлешұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарды назарға салды.
- Аудан бойынша кәсіпкерлік саласына тоқталар болсақ, Қаратөбе ауданы бойынша 2016 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілер саны 576 болса, оның ішінде заңды тұлға 13, шаруа қожалықтары 232, жеке кәсіпкерлер 330, оның ішінде жұмыс жасайтындары 496 (бұл тіркелгендердің 86,1 % құрайды), оларда жұмыс жасайтын адамдар саны 1003 адам.
2016 жылдың 1 желтоқсанына өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 3214,8 млн теңгені құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда (2015 ж. – 1737,0 млн теңге) 105%-ға артқан. Бюджетке түскен тиісті төлем 42,2 мың теңге болды. (2015 ж – 77,6 мың тг)
2017 жылдың 1 қаңтарына 86 (2015 ж – 63) шағын кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылып, 86 адам жұмысқа орналасты, оның 42-сі ауыл шаруашылығы, 5-еуі көлік тасымалы, 21-і cауда, 18-і басқа салалар бойынша орналасқандар.
Ауданда өнім өңдеу саласы бойынша (2017 жылдың 1 қаңтарына) 8 шағын цехтар жұмыс жасайды. Оның 4-еуі тамақ өнімдерін, 4-еуі басқа өнімдерді өндіреді. 21 адам жұмыспен қамтылған, 25 млн 352 мың теңге көлемінде (былтырғы жылы – 16 млн 970 мың теңге) өнім өндірілді, - дейді аудан басшысы.
Есепті кездесуде ауыл тұрғындары, ханкөлдік Ғабдырахман Бисеғұлов ғаламтор желілерін ретке келтіру, жусандыойлық Марал Досжанова ауданмен арадағы жол торабынын уақытылы тазартылуын сұрады.
Көкейдегі сұрақтарын қойып, ұтымды жауап алған ауыл тұрғындары есептік жиында аудан, ауылдық округ әкімдерінің жұмысына оң баға берді.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы