Сәрсенбінің сәтінде аудан әкімі Асхат Шахаровтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны Сулыкөл ауылдық округінде жалғасын тапты. Алдымен тұрғындар алдында есеп берген округ әкімі Берікқали Муса өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстарға да тоқталып өтті.

Округ әкімі Берікқали Жақсылықұлының айтуынша, округтің негізгі бағыты өсімдік шарушылығы.
- Өсімдік шаруашылығы бойынша округте бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысып жүрген «Тұрақ» шаруа қожалығы 16 га, «Әділғазы» шаруа қожалығы 16 га, «Дана» шаруа қожалығы 14 га, «Мұрагер» шаруа қожалығы 19 га, «Жарылғас» шаруа қожалығы 12 га барлығы 77 га жерге бау-бақша өнімдерін ексе, ауыл тұрғындары үйлерінің айналасына, өзен жағалауларына 9 га жерге картоп, көкөніс, бау-бақша өнімдерін екті. Округ бойынша олардан барлығы 540 тонна көкөніс, 448 тонна қауын-қарбыз өнімдері алынып, аудан, облыс тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылған.
Сулыкөлдік ағайынның алдында сөз сөйлеген аудан басшысы Асхат Берлешұлы аудан бойынша өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, аудан аумағындағы жер мәселесіне тоқталды.
- Жер саласы бойынша айтар болсақ, қазіргі уақытта ауданның әкімшілік-территориялық құрылымы жүйесіне 8 ауылдық округ, 22 елді мекен кіреді. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ауданның барлық жер көлемі 997 492 га, оның ішінде шаруа қожалығы жерлері 250 763 га, ауданаралық мал айдау жолдары 813 га, елді мекендер жерлері 189 871 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс, т.б. ауылшаруашылығы мақсаттарында пайдаланылмайтын жерлер 902 га, орман қорының жері 3 839 га және босалқы жерлер 552 704 га құрайды, - дейді аудан басшысы А.Шахаров.
Есепті кездесу жиынында зейнеткер Жеңісқали Қуанышкереев пен Жәдігер Аралбаев көктем мезгілінде су жиналатын ауылдың кіре берісіндегі су жиналатын орынды ретке келтіруді сұрап, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру мәселесін де қозғады.
Жиында сөз алған аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Мендешов аудан әкімінің есебіне он баға беріп, рақметін жеткізді.
Райымбек АБАЕВ,
Қаратөбе ауданы