Аудан әкімі Асхат Шахаровтың халық алдындағы есепті жиналысы 24 қаңтарда ауданның Аққозы, Саралжын ауылдық округтерінде жалғасты.
Ауданның оңтүстік бетіндегі Аққозы, Саралжын ауылдық округтеріне арналған жолсапарымыз ең әуелі жолшыбай Жақсыбай өзенінің іргесінде орналасқан Аққозы ауылдық округінен бастау алды.
Аудан, ауыл әкімдерінің жылдағы дәстүрге сай кезекті есепті жиналысын асыға күткен аққозылықтар мәдениет үйіне көптеп жиналған.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай ауыл әкімі Қоныс Мұқанов, аудан әкімі Асхат Шахаров ауыл тұрғындары алдында өткен мешін жылында атқарылған жұмыстардың есебін баяндап, алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды.
Аққозы ауылдық округінің әкімі Қоныс Мұқанов өткен жылғы есепті жиында ауыл тұрғындарының тарапынан туындаған сауалдар бойынша атқарылған жұмыстар мен тіршіліктің күре тамыры – жол мәселесіне баса назар аударды.
«2016 жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем, өткен жылғы есепті кездесудегі ауыл тұрғындарының сауалдарындағы ұялы байланыс мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл мәселе бүгінде күрделі күйінде қалып отыр. Осыған қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловқа ауыл тұрғындары атынан ұялы байланыс мәселесін шешу туралы өтініш хат жолданды. Аққозылықтар бүгінде бұл өзекті мәселе бойынша оң нәтижесін күтуде. Екінші бір маңызды мәселе «Қаратөбе - Аққозы» автокөлік жолдарын жөндеу, қырып тегістеу туралы сауалдарға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Жолдар тоқсан сайын қырылып тегістелді. Қазіргі кезде жолдарды аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бақылауда ұстап, қадағалауда», - деді ауыл әкімі Қоныс Ізімұлы.
Сонымен қатар ауыл әкімінің есептік хабарламасында округтегі денсаулық сақтау,білім беру,мәдениет, әлеуметтік сала, спорт және тағы да басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстар толыққанды қамтылды.
Аудан әкімі Асхат Шахаров есепті жиында аудан бюджетінің орындалуы, құрылыс, ауылшаруашылығы, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, әлеуметтік қамтамасыз ету және жұмыспен қамту, білім беру, мәдениет және спорт, денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады.
-Биылғы жылы мемлекет тарапынан қаралған қомақты қаражатпен 5 елді мекенді ауызсумен қамту жұмыстарын бастаймыз»,- деді аудан басшысы Асхат Шахаров.
Көршілес екі округте де тұрғындар тарапынан қойылған мәселелердің дені көше шамдарын орнату, жол қатынасының қиындығы, тұрғындардың ғаламтор жүйесіне толыққанды қосылуын қамтамасыз ету болды.
Аққозы ОЖББМ мұғалімі Райса Төлеутаева, округтегі «Мұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Мұхамбетәлиев, ауыл ақсақалы Нағимолла Ақбасов, аудандық мәслихат депутаты Қобыланды Жұмағалиев, Бесоба ауылының мәдениет үйінің меңгерушісі Змәрзат Оразбаева әкімдердің есепті кезеңге сәйкес атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді.
Түстен кейін әкімдердің есепті жиыны қар жамылған Мұхит елінде жалғасты.
Ауылдарға кіргенімізде көрген-түйгеніміздей, өткен жылда атқырылған жұмыстардың қос округте де нәтижесіз болмағаны байқалды.
Аудан әкімі Асхат Шахаров Саралжын ауылындағы Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ мұражайын аралады.
-Б.Қаратаев ЖОББМ мұражайына 2 600 000 теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді жаңа қүрал-жабдықтармен, тарихи жәдігерлермен толықтырылды. Жазғы театрға 3 млн. теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеуден өтті. Саралжын ауылдық округ бойынша мердігер - «Батыс Рем Строй Проект» ЖШС- гі. Ауыл ішілік ұзындығы 16248 м газқұбырын тарту жоспарланды. 3 жыл ішінде ауылішілік 16248 м газ құбыры тартылды. Жалпы табиғи газды пайдалануға 2016жылы 23 үй иелері тілек білдіріп, жыл соңына дейін пайдалануға берілді. Округ бойынша барлығы 101 үй табиғи газды пайдаланып отыр. Қарақамыс ауылы бойынша 86 үй және Сәуле елді мекеніндегі 15 үй табиғи газ құбырына қосылып, пайдаланып отыр. Сәуле елді мекенінде Жақсыбай негізгі мектебіне, мәдениет үйіне және фельдшерлік пунктке газбен жылыту жүйесі қосылып пайдаланылуда, деді ауыл әкімі Қайыр Бисенғали есепті баяндамасында.
Аудан әкімі Асхат Шахаров есепті кезеңге сай атқарылған жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Округ тұрғындары Нұрлан Ғабдырахманов, Мұрат Қуанғалиев, Әлібек Тіналиев жол-көлік қатынасы, ауызсу мәселесі, көше шамдарын орнату турасында сауалдарын қойды.
Ауыл дәрігері Лаура Аманқұлова, «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Анар Оразова, аудандық мәслихат депутаты Бекжан Қойшекенов әкімдердің есепті кезеңге сай жұмыстарын оң бағалады.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы