Түс ауа Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың Қоскөл ауылдық округінің халқы алдындағы есеп беру жиналысы оздырылды.
Алдымен жиналғандар алдында округтің өткен жыл ішінде бағындырған бел-белестерін егжей-тегжейлі баяндаған Қоскөл ауылдық округінің әкімі Берік Жақсығалиев болашақ-жоспарларымен бөлісуді де естен шығармады.

Округ әкімі Берік Нұржанұлының айтуынша, округтің негізгі экономикалық бағыты ауыл шаруашылығы.
Округте ірі қара және ұсақ мал басының өз төлі есебінен өсуі көңіл қуантады. 2016 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, биылғы жылы мал басының өсімі ірі қара 2648 бас, былтырғымен салыстырғанда, 62 басқа, қой-ешкі 9025 бас, былтырғы жылмен салыстырғанда, 178 басқа, жылқы 213 басты құрап, 35 басқа артып отырғандығы байқалады.
2016 жылы жаңадан «Қоскөл 07» ауылдық ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, оның айналасында 21 жанұя бірікті.
Қазіргі заманауи сұранысқа орай Орал-Ақтөбе тас жолының бойынан кипинг (логистикалық орталық) құрылысы басталды, - деді өз сөзінде округ әкімі.
Қоскөлдіктердің алдында есеп бере келген аудан басшысы Асхат Шахаров аудандағы түрлі салалардың жұмысын баяндай отырып, аудан аумағында мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыстарды ел назарына ұсынды.
- Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына бағдарламаның 1 бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бойынша 1 нысан күрделі жөндеуден өткізілуде, оған 15 адам жұмысқа жолданды. Сонымен қатар 13 нысан ағымдағы жөндеуден өткізіліп қазіргі таңда өз жұмыстарын аяқтады, оған 23 адам жұмысқа жолданды, жалпы саны 38 адам жұмысқа жолданды.
Бағдарламаның 2-ші бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» бойынша ауданға 60,0 млн теңге қаражат жоспарланса, қазіргі таңда 60,0 млн теңге игеріліп, 24 адам несие алды. Оның ішінде 2 адам қызмет көрсету саласында болса, 22 адам мал шаруашылығын дамытуға алды.
Үшінші бағыт бойынша «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу» бойынша 14 адамды оқытуға 2,7 млн. теңге бөлінді. 2016 жылдың 1 желтоқсанына жұмыспен қамту жол картасы бойынша жыл басынан бері 12 адам оқуға жолданып, 8 адамы оқуды аяқтады, 4 адамы оқуды жалғастыруда. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 22 адам кәсіби даярлауға, 2 адам біліктілігін арттыру бағытында оқуларын аяқтады, - деді А.Шахаров.
Аудан әкімі А.Шахаров пен округ әкімі Б.Жақсығалиевтің өткен жыл ішінде жүзеге асырған жұмыстарына оң көзқарас танытқан округ тұрғындары Серік Нығыметов, Дәулет Бисен, Даниял Каресовтер сөз алып, ауылшаруашылығын дамыту, жол қатынасы сынды мәселелерді көтеріп, аталмыш мәселелер аудан басшылығы тарапынан оң шешім табатындығына сенім білдірді.
Қоскөлдік тұрғындардың оң бағасын алған аудан әкімі А.Шахаров пен округ әкімі Б.Жақсығалиевтің есеп беру жиналысына аудан әкімінің орынбасары Р.Иманғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Сұлтан, аудандық орталық аурухана директоры З.Мағзомов т.б. қатысты.

Ертай БИМҰХАНОВ,
Қаратөбе ауданы