Қаңтардың 21-і күні Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылында студенттер арасындағы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарына қатысатын спортшыларды қолдау мақсатында студенттер мен оқушылар арасында Биатлон жарысы ұйымдастырылды.

Жастар мен жасөспірімдер арасында достық қарымқатынастарын нығайту, қысқы спорт түрлерін дамыту, сонымен қатар бұқаралық спорттың дамуына жағдай жасау, еліміздің барша тұрғындарының спортпен шұғылдануына жол ашып, халық денсаулығының әлеуетін арттыру және дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған айтулы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мербол Есендосов жарысқа қатысушы студентер мен мектеп оқушыларына 28 – ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарын халыққа насихаттау мақсатында спортшыларымызды қолдауға шақырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шараға Шөптікөл ЖОББМБ, Үшағаш НОББМ, Қаратөбе мектеп – гимназиясы, Қаратөбе колледжі спортшылары қатынасты. Қысқы спорт түрі Биатлон сайысы бойынша спортшылар өз шеберліктерін сынға салды. Жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, ерлер арасында шаңғымен жүгіруден І орынды Қаратөбе колледжінің студенті Абай Түрікпенбаев, ІІ орынды Шөптікөл ЖОББМБ оқушысы Қуандық Біранов, ІІІ орынды Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушысы Бөгенбай Оңалбаев еншіледі.
Пневматикалық мылтық ату сайысынан алдына жан салмай, шеберлік танытқан Қаратөбе колледжінің студенті Абай Түрікпенбаев сайыстың бұл түрінен де І орынды жеңіп алды. Ал ІІ және ІІІ орындар Үшағаш НОББМ оқушысы Бекжан Қайырбаев пен Шөптікөл ЖОББМБ оқушысы Қуандық Бірановке бұйырды.
Қыздар арасында шаңғымен жүгіруден оза шыққан Шөптікөл ЖОББМБ оқушысы Жайна Асыланбекқызы І орынды жеңіпалса, ІІ және ІІІ орындар Үшағаш НОББМ оқушысы Зина Валериева мен Қаратөбе мектеп - гимназиясының оқушысы Айдана Ақылбекова өзара бөлісті.
Пневматикалық мылтық атудан І орынды Қаратөбе колледжінің студенті Айгүл Орынбасарова, ІІ және ІІІ орындарды Шөптікөл ЖОББМБ оқушысы Жайна Асылбекқызы мен Үшағаш НОББМ оқушысы Алтын Қожахметова қанжығаларына байлады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер «Қаратөбе» спорт клубының дипломдары және бағалы сйлықтарымен марапатталды.
Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы