Өткен аптада шаңғы туризмі техникасын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, педагог кадрлардың біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ұйымдастыруымен педагог қызметкерлер арасында «Европа – Азия 2017» жарысы өткізілді.

Жарысқа барлық білім беру ұйымдарынан 11 команда қатысып, өзара қысқы туризм техникасынан бақтарын сынады. Командалар ең бірінші техникалық қашықтық бойынша сынға түсті. Бұл кезеңнің ерекшелігі 3000 метрлік трасса бойында орналасқан әртүрлі кедергілерден шаңғымен барлық команда мүшелері өтеді. Бұл кезеңде Мұхит атындағы ЖОББМ командасы жеңімпаз атанды. ІІ-ІІІ орындарды Аққозы ЖОББМ-Б және Егіндікөл ЖОББМ командалары өзара бөлісті.
«Үздік қойылым» кезеңінде командалар өздері дайындаған қойылымдардан көрініс көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Бұл кезеңде І орынды Қалдығайты ОЖББМ иемденіп, жеңімпаз атанса, ІІ орынды Жамбыл ЖОББМ-Б, ІІІ орынды Қаратөбе мектеп-гимназиясы командасы еншіледі. Ал, «Қысқы спорттық бағдарлау» кезеңінде қатысушылар шаңғымен, қолдарындағы карта бойынша бағдарлаудан өтуде І орынды Мұхит атындағы ЖОББМ, ІІ орынды Жамбыл ЖОББМ-Б, ІІІ орынды Қаратөбе мектеп – гимназиясы командалары иеленді. Бұл кезеңде ерлер және қыздар арасында да жекелей жеңімпаздар анықталды.
Жарыстың «Жорық есебі» кезеңінде үздік үштіктен Егіндікөл ЖОББМ, Қаратөбе мектеп-гимназиясы, Мұхит ЖОББМ командалары көрінді. – Командалар өз мектептерінде ұйымдастырылған түрлі жорықтар есебін белгіленген тәртіп пен толтырып тапсыру керек болатын. Өкінішке орай кейбір командалар есептері толық емес немесе талапқа сай болмағаны қынжылтады. Жалпы жарысқа командалар тыңғылықты әзірлікпен, қызығушылықтар өте жоғары екендіктерін байқадық. Болашақта мектептерді арнайы туристік құралдармен қамтамасыз етуді жолға қойса, командалар арасындағы бәсекенің, жалпы жарыстың дәрежесі бұдан да жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін, - дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ұйымдастырушы-педагогы Мұхтархан Жұмағалиев. Жалпы командалық есепте І орынды Мұхит атындағы ЖОББМ командасы иемденіп, жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орынды Қаратөбе мектеп-гимназиясының ұстаздары иеленсе, ІІІ орынды Жамбыл ЖОББМ-Б қанағат тұтты.
«Қысқы спорттық бағдарлау» кезеңінде үздік шыққан педагог ерлер арасында Жомарт Князбаев (Мұхит ЖОББМ) І орын, Асхат Кенжин (Б.Аманшин атындағы ЖОББМ) ІІ орын, Бауыржан Шүрмен Қаратөбе мектеп-гимназиясы ІІІ орын, қыздар арасында Назерке Қайырлиева (Жамбыл ЖОББМ) І орын, Бинегүл Сабанова (Егіндікөл ЖОББМ) ІІ орын, Арайлым Дәулетқалиева (Мұхит атындағы ЖОББМ) ІІІ орынды місе тұтты.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы