Бүгін «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттары Нұрлан Меңдешов пен Әмірбек Жәнібековтың және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мамандарының қатысуымен қоғамдағы маңызы зор келешек ұрпақ жастар тәрбиесін қаузаған дөңгелек үстел оздырылды.

Аталмыш шарада партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, халық қалаулылары Нұрлан Құмарұлы мен Әмірбек Әлібекұлы аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі еңбектерін дәріптеп, ықылым заманнан ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатырған салт-дәстүріміздің, дініміз бен ана тіліміздің ел келешегі жастарды тәрбиелеудегі тәрбиелік маңызы мен құндылығын айрықша атап айтты.
Аудандық мәслихаттың депутаты Н.Меңдешовтың салт-дәстүрімізді сақтап, оны жастар арасында кеңінен насихаттау бағытында атпен серуендеуді, атқа отыра алмайтын жастарымызды атқа отыра білуге баулу турасындағы ортаға салған пікірін дөңгелек үстелге қатысушы жастар бірауыздан мақұлдап, оны іс жүзінде іске асыру бойынша өзара пікір алмасты. Дөңгелек үстелдің күн тәртібіндегі мәселеге орай тәрбиелік маңызға ие ұтымды ойлар айтылды. Айтылған ой-пікірлерден жастар үлкен әсер алды деген ойдамын. Салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында құптарлық ұсыныс тасталды», - деді дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Жақанұлы.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы