Бүгін Қаратөбе ауданында маңызды саяси науқан барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі басталды. Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров биылғы халық алдындағы есеп беру науқанын Егіндікөл ауылдық округінен бастап отыр.

Аудан басшысы А.Шахаров қаңтардың 23-і мен 26-сы аралығында ауданның 8 ауылдық округінде тұрғындар алдында есеп береді. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдерінің есебін де тыңдайды. Аудан және ауылдық округ әкімдерінің есеп беруінің өтетін орны болып ауылдық мәдениет үйлері белгіленген. Есеп беру науқаны алдында аудан орталығы, ауылдық округтер мен барлық елді мекендерде тұрғындар ұсыныстары мен ескертпелері, үнқосулары үшін арнайы жәшіктер қойылды. Айта кету керек, аудан басшысы Асхат Берлешұлының 2016 жылғы аудан бойынша атқарылған жұмыстар бойынша аудан тұрғындар алдындағы есебінің мәтіні жергілікті «Қаратөбе өңірі» газетінің 2017 жылғы 12 қаңтардағы №1-2 сандарында жарияланды.
- Бүгін Егіндікөл ауылдық округінде басталған аудан басшысы Асхат Шахаров пен Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллиннің округ тұрғындарының алдындағы есеп беру жиналысына аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сұлтан, аудандық орталық аурухана директоры Зейіл Мағзомов, аудандық мәслихат депутаты Дулат Қоламанов және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуда, - дейді сол өңірде жүрген аудандық газеттің жауапты хатшысы Серікбай Хасанов.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы