Бүгін Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық чемпионат болып өтті. Ептілік пен орасан зор күшке қоса, жігер мен рухты қажет ететін спорттың озық түрі қазақ күресі чемпионатына 9-11 жас аралығындағы жасөсіпірімдер қатысты.

Жас палуандар боз кілемде 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, білектерін айқастырып, саусақтарына қармақтап іліп құлыптап, тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Бағы мен бабы қатар шапқан спорт мектебінің шәкірттері дәстүрлі додада қарсылас шақ келтірмей, қарсыласты ұстау әдіс-тәсілінің бір түрінен қорғана жүріп, алдау әдісімен жеңіске жете білді.
Жеңіпаздар мен жүлдегерлер диплом-медальдармен марапатталды. 23 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Нұржан Едігеұлы (Б.Қаратаев ЖОББМ), 26 келі дәрежесінде І орынды Бауыржан Болатов (Қаратөбе аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), 29 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Ерген Төленов (Аққозы ЖОББМБ), 32 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Бекзат Есжан (Қаратөбе аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), 35 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Аврик Жеңісов (Аққозы ЖОББМБ), 38 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Батыр Жылқыбаев (Қаратөбе аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), 42 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Әли Нұрболат (Үшағаш НОМ), +42 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды С.Қайырмұхамед (Жамбыл ЖОББМ) жеңіп алды.

Маралбек АМАНТАЕВ Қаратөбе ауданы