Егіндікөл десе, көз алдыңызға аты аңызға айналған Аққұм, даңқты Құныскерей үңгірі, сылдырлап аққан мөлдір бұлақ пен көл бетіне қонған аққу-құстар келері хақ.
Бүгін Қаратөбе ауданында өткен өлкетанушы-журналист Нұртас Набиоллаұлының «Егіндікөл тарихы» атты тарихи кітабының таныстырылымы өлке тарихы жөнінде тереңнен сыр шертті.

Алғаш болып сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев авторды тұңғыш тарихи кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, ақ лебізін жеткізсе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, ауыл ақсақалы Аманжан Әнесов, Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин, Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімдері Айнұр Баймулдина, Гүлнұр Тінәлиева т.б. оқырмандар сөз алып, кітап авторы Нұртас Набиоллаұлының алғашқы туындысын жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.

Таныстырылымда Нұртас Набиоллаұлы тарихи кітаптың қалай жарыққа шыққандығын, сондай-ақ кітап жазу ісімен шұғылдануға нендей қажеттіліктер түрткі болғандығы жөнінде әңгімелеп, кітап мұқабасының ерекшелігіне де кеңінен тоқталды.

Кештің көркін қыздырған жерлесіміз, қадірлі мейман «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығының тілшісі Әділғазы Кереев пен жас күйші Қайрат Байғұтты домбыра шанағынан күй төгілдіртсе, қаратөбелік жас ақын Райымбек Өтепов жыр-шашуын арнады.

Жаңа кітаптың лентасын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев пен ауыл ақсақалы Аманжан Әнесов жүргізіп, Нұртас Набиоллаұлына алғыс хат пен сыйлық табысталды.

Жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген өлкетанушы-журналист Нұртас Набиоллаұлы алғысын жеткізіп, халық әні «Ақкербезді» шарықтата шырқады.
Кеш «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлының бастамасымен тындарман жүрегіне жол тартқан қаламгер апамыз Гүлзира Серғазының «Егіндікөл» әнімен аяқталды.
Оқырман қауым автормен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып, ерекше әсермен тарқасты.

Маралбек АМАНТАЕВ
Қаратөбе ауданы