Бүгін Сулыкөл ауылдық округінде жеке қосалқы шаруашылықтарда мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру және ауылшаруашылығын қолдау мақсатында берілетін субсидиялар ережелерін түсіндіру мақсатында Қаратөбе аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Есенжол Ғабдыраштың, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының Қаратөбе ауданындағы филиалының кеңесші маманы Асхат Тойшыбаевтың, аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Қанат Мұқановтың, ауыл әкімінің, округтегі шаруа қожалықтары жетекшілерінің, ауыл тұрғындарының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Аталмыш жиналыста аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Есенжол Ғабдыраш ауылшаруашылығын қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың шаруашылық аясын кеңейтуге байланысты тиімділігін, жеке қосалқы шаруашылықтарда мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, ауылшаруашылығын дамытуға арналған субсидия ережелеріне сай түсініктер берді.

Осы мәселеге орай түстен кейін аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен тиісті салалар мамандарының, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының жетекшілері мен ауыл тұрғындарының қатысуымен түсінік жұмыстары жүргізілді.

Ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Ғабдыраш бүгінгі күннің өзекті мәселесі кооперативке бірігу мәселесін, ауылшаруашылығын дамытуға арналған мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерді пайдаланудың тиімділігі туралы, жұмыспен қамту орталығының бас маманы Қанат Мұқанов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Н.Бозов, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының Қаратөбе ауданындағы филиалының директоры Рысты Тойшыбаева несиелендіру жұмыстары бойынша түсініктер берді.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев өзіндік пікірлерін ортаға салып, аталған мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

Жиында сөз алған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Нәсіпқалиұлы: «Бүгінгі таңда Қаратөбе ауданы бойынша 6 кооператив жұмыс жүргізуде. Олардың әр қайсысы өз жұмыстарын әр түрлі бағытта жүргізуде, бірі кооператив мүшелерінің малдарын қажетті (жем-шөппен) мал азығымен, енді бірі мал бағатын бақташымен қамтып отыр. Кооперативке бірігудің тиімділігі зор. Осының бәрі тұрғындардың жағдайын арттыруға арналған игі іс» - деп жиынды қорытындылады. Осындай түсінік жұмыстары ауданның барлық округтерінде жүргізілді.

Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы