Бүгін Қаратөбе ауданында Қаратөбе аудандық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы оздырылды.

Облыс аудандары бойынша алғаш өткізіліп отырған Қаратөбедегі қоғамдық кеңестің отырысына Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Мәлік Құлшар, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудандағы мекемелер басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Аудан басшысы Асхат Шахаров Қоғамдық кеңес отырысына қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, өткен 2016 жыл бойынша ауданда атқарылған ауқымды істерді баяндап, алда тұрған міндет-мақсаттар мен қатар атқарылуға тиісті жоспарлы жұмыстарға тоқталып өтті.
Отырыстың күн тәртібіне сай аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиевтің, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиевтің жылдық жұмыс туралы хабарламалары тыңдалды.

Хабарламаларда аудандық мәслихаттың жоспарлы жұмыстары, сонымен қатар алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаттарының ел үшін атқарған қызметеріндегі жетістіктері, құрылғанына бір жылға жуық уақыт болған билік пен халықтың арасын жалғайтын қоғамдық кеңес бойынша жүргізілген жұмыстар қамтылды.

Қоскөл ауылының ақсақалы, қоғамдық кеңес мүшесі Серік Нығыметов аудан басшысының, аудандық мәслихат хатшысының, аудандық қоғамдық кеңестің жылдық жұмысына қанағаттанарлық баға беріп, ауыл халқының көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі жол мәселесіне тоқталды. Серік аға «Шымкент-Самара» тас жолынан бұрылатын Қоскөл ауылдық округінің орталығы Қоскөл ауылына қатынасатын 9 шақырым жолдың және Шалғын ауылына қыс айлары кезіндегі жол қатынасының қиындық туғызатындығын айтып, тиісті орындар осы мәселеге қатысты шара қолданса деген ойын ортаға салды. Ауыл халқының қамын ойлай жүретін ауыл ақсақалы Серік аға жер беру бойынша туындаған тағы бір өзекті мәселеге байланысты өз пікірін айтты.

Халық қалаулысы, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Иманқұлұлы Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы әңгімелеп, бірлігі берік қаратөбіліктерді Жаңа жылмен құттықтап, Қаратөбе аудандық қоғамдық кеңесінің жаңа жылда жаңа серпінмен жұмыс жүргізетіндігіне үлкен сенім білдірді.

Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе аудан