29 қараша күні NurOtan партиясының Қаратөбе аудандық филиалының мемлекеттік органдардың басшылары, ауыл әкімдері жиналған актив отырысында Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл функциясын атқарушы М.Есендосов 28 қараша 2019 жылы Мемлекет басшысы "Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қол қойылған Заңының кейбір талаптары бойынша түсінік беріп өтті.

 

 

 

Аталмыш заңда бірінші басшылардың өздеріне тікелей бағынышты адамдарының сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін дербес тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығы айтылған.

Заң мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға, конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, мемлекеттік органдардың кадр мәселесін шешу жөніндегі мобильдікті арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін жоғарылатуға, кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететін болады.

Еске сала кетсек, мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өткен болатын. Мемлекет басшысы биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті. 

 

 

Президент қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап беретінін айтты. Ол кешенді алдын алу шараларын қолға алуды тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырған болатын.

Осы заңға сәйкес енді мемлекеттік қызметтегі басшылар өзіне бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті. Бұл заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді.

Саяси мемлекеттік қызметшілер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, міндетті түрде отставкаға шығуы қажет болады.

Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, 10 күнтізбелік күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті.

Қандай қызметкерлер бағынышты болып саналады?

Орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін - оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін - орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі. Орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) үшін - бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде қызметінен кетеді.

Облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді. Ал аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауапты және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға міндеттеледі.

Бұл заң бойынша басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті. Бұл міндет орындалмаған жағдайда басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.  

Заңнамаға ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау міндетін жүйелі түрде орындамайтын басшылыққа жауапкершілік енгізілді. Егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса да, мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарыласа, басшыны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Бұл заң басшыларды іс жүзінде өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және болдырмауға ықпал ету.