13 қараша күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысында 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын дайындау және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу туралы жиналыс өтті.

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев отырыста қаралатын мәселелермен таныстырып, хабарламашыларға сөз кезегін ұсынды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз сөйлеген аудандық статистика басқармасының басшысы Есжан Халқымбай:

– 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1262 санды ҚР Инвестиция және даму министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «ҚР-ның аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сүйеніп аудандағы кейбір елді мекендердегі көше атаулары мен тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың номерлері өзгертілді. Бұл жұмысқа аудан бюджетінен 2128 мың теңге қаражат бөлінді.

Қазіргі таңда ауылдық округтердің берген мәліметі бойынша 2462 үй, 3218 пәтер тіркеліп отыр. Қазіргі таңда аталған 2462 үйдің 2207 үйі номерленсе, 255 үй әлі күнге номерленбеген, - деді.

Отырыста алдағы жылы өтетін халқының ұлттық санағын дайындау және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты округ әкімдері мен бөлім басшылары пікірлерін ортаға салды.

Аталған жиналысқа тиісті мекеме және бөлім басшылары, барлық ауылдық округ әкімдері қатысты.