Ғалым Сұлтанұлы аудан активімен кездесіп, аудандық мәслихат залында жиналыс өткізді.

Айтулы жиынды аудан әкімі Жанат Асантаев жүргізді.

Аудан активі алдында сөз сөйлеген Ғ.Тұрсынбаев облыс бойынша мемлекеттік органдардағы қызметшілердің қызмет тәртібі мен сапасы туралы әңгімелеп, әлі де болса мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қамту мәселесінің төмен деңгейде екендігін, конкурс өткізуде заң бұзушылыққа жол бермеу, конкурс өткізуге бақылаушылар мен сарапшылардың беделін арттыру, өзекті мәселе сыбайластықпен күрес тағы да басқа көптеген мәселелер туралы айтты.

– Облыс бойынша жыл басынан мемлекеттік бос орындарға конкурс өткізуге байланысты 41 заң бұзушылық кездесті. Осыған байланысты 25 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аудан бойынша 28 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған, жыл аяғына дейін бұл 100 пайызға орындалады деген ойдамын.

Электронды қызмет көрсету аясын кеңейту қажет. 2020 жылға дейін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде жүргізуді 90 пайызға жеткізуге тиіспіз. Қазір электронды түрде қызметтің 25 түрін алуға болады. Аудан электронды түрде жұмыс жүргізуді 79 пайыз орындап отыр. Әрі қарай дамыту қажет, - деді Ғалым Сұлтанұлы.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы аудан активін Президент Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жұмыла тиянақты жұмыс жасауға шақырды.

Жиналыстан кейін Ғалым Сұлтанұлы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында жеке мәселелері бойынша аудан тұрғындарын қабылдады.